2025 жылғы 30 сәуірде Астана қаласында “Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті” республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен “Talap” коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткізілді.
Ауқымды білім додасына 2000-нан астам студент қатысып, олардың ішінен ең үздік 100 студент республикалық финалға өтті.
Осы байқауда Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі “Музыкалық білім беру” бөлімінің 4-курс студенті Каримова Мәдина *“Үздік студент”* атағына ие болып, колледж абыройын республика деңгейінде асқақтатты. Білімге құштар, өнерге жаны жақын Мәдина кәсіби дайындық пен жеке қабілетті қатар алып жүріп, өз дарынын жоғары деңгейде дәлелдеді.
Мәдинаның бұл жетістігі – оның жетекшісі, “Музыкалық білім беру” бөлімінің арнайы пәндер оқытушысы Кусаинова Азиза Куанышовнаның да тынымсыз еңбегі мен шеберлігінің айқын көрінісі.
Бұл жеңіс – ұстаз бен шәкірт арасындағы үйлесімді еңбектің, өзара сенім мен ізденістің нәтижесі.